Астанада су астында қалуы мүмкін аумақтар аталды

06.03.2019 08:42
shadow

АСТАНА. ҚазАқпарат — Астанада Ильинка тұрғын алабының шығыс бөлігі, Көктал-1 тұрғын алабы, Сарыбұлақ өзені өтетін аймақтағы Өндіріс тұрғын алабы, сонымен қатар Газмашаппаратура саяжай алабына су басу қаупі төніп тұр. Бұл туралы қала әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Су тасқынына қарсы осы жылғы шаралардың ерекшеліктері туралы қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов айтып берді.

«Биыл су тасқынына қарсы шаралар аясында Есіл және Сарыбұлақ өзендерінің арнасына ерекше мән берілуде. Газ аппаратурасы аймағында және Өндіріс тұрғын алабы аймағында Есіл және Сарыбұлақ өзендерінің арнасын кеңейту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар әкімдік Майбалық көлінен «Нұра-Есіл» каналына дейінгі Н. Назарбаев атындағы Халықаралық әуежай маңындағы қолданыстағы каналда тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деді Е. Төлеуов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, «Ақорда» алдындағы Есіл өзенінің арнасы, М-3 көпірінің жанындағы LRT желісінің құрылыс аймағы, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы маңындағы Есіл өзенінің арнасы үнемі бақылауда.

Аудан әкімдіктері тасыған суды сору мақсатында су қабылдағыштар мен кәріз жүйесі коллекторларын тазалау бойынша жұмыстарды атқарып жатыр. Су астында қалуы мүмкін жерлер үнемі бақылауда. Ол жерлерге арнайы мамандандырылған техникалар бекітілген.

Сондай-ақ ведомство басшысы тасқын кезінде қаланың қай бөлігіне су басу қаупі төніп тұрғандығын айтты. «Су тасқынына Ильинка тұрғын алабының шығыс бөлігі, Сарыбұлақ өзені өтетін аймақтағы Өндіріс тұрғын алабы, Газмашаппаратура саяжай алабы, сонымен қатар Көктал-1 тұрғын алабы су астында қалуы мүмкін», — деді Е. Төлеуов.

Қаланы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындау үшін ортақ топ құрылды. Оған коммуналдық қызметтер мен ішкі істер органдарының автомобиль және инженерлік техникасы, 663 адамнан тұратын жеке құрам, 191 техника бірлігі, соның ішінде екі өрт сөндіру сорғыш станциясы, 14 жүзу құралы, 30 мотопомпа, бір тік енді. Сонымен қатар, 23 шатыр, 400 кереует, төсекке керек-жарақ заттар, көлемі 16,8 мың тонна (құм, ұсақ тас) инертті материалдардың, жанар-жағармай материалдарының және тамақ қоры дайындалды


Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/astanada-su-astynda-kaluy-mumkin-aumaktar-ataldy_a3504976”